Сәби сүюді жоспарлап жүрсіз бе? Ана мен әке үшін жүктілікке дейінгі тексерулер

Әйелдер денсаулығы

Жүктілік – екі адамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан болашақ ата-ана тексеруден бірге өткені дұрыс. Дәрігерлер мұндай дайындықты жүктілікті жоспарлаудан шамамен 3 ай бұрын бастауды ұсынады.

Екеуіне де ұсынылатын негізгі тексерулер

• Жалпы қан және зәр талдауы – жасырын қабыну процестері мен анемияны анықтау үшін.
• Қан тобы мен резус-фактор – резус-қайшылық қаупін бағалау үшін.
• Инфекциялық тексерулер – АИТВ, мерез, В және С гепатиттеріне талдау.
• TORCH-инфекцияларына тексеру (болашақ анаға) – қызамық, токсоплазмоз, герпес және цитомегаловирусқа қарсы иммунитетті анықтау.
• Кіші жамбас ағзаларының УДЗ-і (болашақ анаға) және терапевттің қорытынды кеңесі.

Қай кезде генетиктің кеңесі міндетті?

Генетикалық тексеру барлық адамға қажет емес. Бірақ төмендегі жағдайларда генетикке қаралу міндетті:

• Болашақ ананың жасы – 35-тен, әкенің жасы – 45-тен асқан болса;
• Ерлі-зайыптылар жақын туыс болса;
• Отбасында немесе бұрын туған балаларда тұқым қуалайтын аурулар кездессе;
• Бұрынғы жүктіліктер түсікпен аяқталған болса.

Егер әйелде екі немесе одан да көп өздігінен түсік болған болса, дәрігер қосымша тексерулер тағайындайды. Олардың қатарында туа біткен тромбофилияға тексеру, кеңейтілген гормондық зерттеулер (ТТГ, пролактин, прогестерон және т.б.) және ерлі-зайыптылардың генетикалық кариотипін анықтау бар.

Осы 3 айдағы басты қағидалар

Егер негізгі тексерулердің нәтижелері қалыпты болса, жүктілікке соңғы дайындық кезеңі басталады.

• Дәрігердің тағайындауымен екі серіктес те фолий қышқылын қабылдай бастайды. Бұл ұрықтың туа біткен даму ақауларының алдын алуға көмектеседі.
• Қазіргі уақытта қабылдап жүрген барлық дәрілер мен биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) туралы дәрігермен міндетті түрде кеңесіңіз.
• Зиянды әдеттерден бас тартып, дұрыс тамақтануға көшіңіз, күйзелістен және ағзаның қатты қызып кетуінен (монша, сауна) сақтаныңыз.

Жүктілікке алдын ала дайындалып, қажетті тексерулерден өту – жүктілік кезеңіндегі артық алаңдаушылықтың алдын алуға көмектеседі.

Сізге және болашақ сәбиіңізге зор денсаулық тілейміз!

Вам понравилась статья? Оцените её!
«GEDEON RICHTER KZ»

Бұл материал гинекология, эндокринология, дерматология және психология саласындағы тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен жазылған, мұқият қаралған және жарияланған.

Біздің жоба қыздар мен әйелдердің назарын мамандарға үнемі барып тұру қажеттілігіне аударып, гинекология, профилактика, сұлулық және жастық мәселелері туралы хабардар етуді қалайды.

kwh.kz
Пікір қалдыру