Біз танымал тележүргізуші әрі блогер Ирина Тенмен белсенді өмір мен өзін күту арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтауға болатыны туралы әңгімелестік. Сондай-ақ неге өзін күтуді ешқашан соңғы орынға қалдыруға болмайтынын сұрадық.
Сіз әрдайым сергек көрінесіз. Бұған қалай қол жеткізесіз?
Мен үшін ең бастысы – режим. Ұйқы, дұрыс тамақтану, су ішу – өте қарапайым нәрселер сияқты көрінеді, бірақ дәл осы негіз энергияны ұстап тұрады.
Екінші маңызды нәрсе – өзіңді тыңдай білу. Егер шаршағанымды сезсем, міндетті түрде тоқтаймын. Біз кейде өзімізді «робот» сияқты ұстаймыз, ал ағза оған ренжиді.
Эмоционалдық шаршаумен қалай күресесіз?
Әсіресе тікелей эфирлер мен үлкен жобалар кезінде эмоционалдық тұрғыда қажығаным қатты сезіледі. Ондай сәттерде өзіме уақыт беремін: телефонды өшіремін, тыныштықта боламын, табиғатқа шығуға тырысамын.
Тағы бір көмектесетін нәрсе – физикалық белсенділік. Қарапайым серуеннің өзі ойды тазалап, энергияны қайтарады.
Өзіңізге күтім жасаудың құпияларымен бөлісесіз бе?
Ешқандай сиқыр жоқ, тек тәртіп. Ұйқы алдында теріні толық тазарту, су ішу, ойды артық нәрселерден тазарту.
Экспресс-әдістер ретінде бетімді мұзбен сүртемін, жеңіл массаж жасаймын және міндетті түрде су ішемін. Кейде 10-15 минуттық тыныштықтың өзі адамды толық «қайта жүктейді»
Көптеген әйелдер өзін күтуді кейінге қалдырып жатады. Олар «алдымен жұмыс, сосын өзім» дейді. Сізде ондай кезең болды ма?
Иә, әсіресе мансаптың басында. Барлығына үлгергім келіп, өзімді соңғы орынға қоятынмын.
Бірақ уақыт өте келе бір нәрсені түсіндім, егер сенде ресурс болмаса, ешкімге пайдаң тимейді.
Әр ана баласы үшін өмірін құрбан етуге дайын, бірақ балаларға ол керек емес. Балаға сау, сапалы өмір сүре алатын ана қажет.
Ағзаның қандай сигналдарын елемеуге болмайды?
Тұрақты шаршау, ұйқының бұзылуы, ашуланшақтық, терінің нашарлауы. Бұлар жай ғана стресс емес, ағзаның «маған көңіл бөл» деген белгісі.






