Зерттеу нәтижелері Қазақстандағы әйелдердің көпшілігі әлі күнге дейін өз бетінше емделетінін көрсетті: 71% әйел дәрігерге бармай, өздігінен ем қабылдауды жөн көреді, тіпті белгілер пайда болған жағдайда да. Дәрігерлер мұндай тәсіл созылмалы ауруларға, асқынуларға және бедеулікке әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Сауалнамаға қатысқан әйелдердің 66%-ы ауру белгілері өздігінен жоғалады деп күтеді, бұл ретте 90%-ы профилактиканың маңыздылығын мойындайды. Бұл әсіресе жыныстық жолмен берілетін инфекциялар мен жоспарланбаған жүктіліктің қаупі жоғары 18–25 жас аралығындағы әйелдерге тән.
Әйелдердің жартысынан астамы гинекологқа тұрақты түрде бармайды, ал 42%-ы шағым болмағандықтан дәрігерге баруды кейінге қалдырады. Басқа себептер қатарында — анализдердің қымбаттығы, уақыт тапшылығы және жағымсыз диагноздан қорқу бар.Әйелдердің 34%-ы ешқандай контрацепция әдістерін қолданбайды; 30% — презервативті, 19% — жыныстық қатынасты үзу әдісін қолданады. Тек 11%-ы гормоналды контрацептивтерді пайдаланады, олар негізінен 35 жастан асқан әйелдер.Экстренді контрацепция жайлы тек 45% әйел біледі, ал олардың 20%-ы оны қолданған.Сауалнамаға қатысқандардың жартысы түсік жасатуға қарсы екенін білдіргенімен, елде жүктілікті үзу деңгейі әлі де жоғары. Оның себептерінің бірі — отбасын жоспарлау және тиімді контрацепция әдістері туралы ақпараттың жеткіліксіздігі.
Сонымен қатар оң өзгерістер де бар: гинекологқа жылына кем дегенде бір рет баратын әйелдер саны 14%-ға артты, ал симптомдар пайда болғанда дәрігерге жүгінетіндер — 9%-ға көбейді. Өзін толық сау сезінетін әйелдер саны 6%-дан 11%-ға өсті.Сауалнаманы халықаралық 4Service™ холдингі Қазақстанның түкпір-түкпірінен 18–45 жас аралығындағы 2 500 әйелдің қатысуымен жүргізді.